Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік полицейлер есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады

Шымкенттік полицейлер есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент ҚПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора-2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ірі көлемде есірткі заттарын сақтап, оны өткізумен айналысқан үш азаматты ұстады.

Оның екеуі Қаратау ауданы Достық мөлтек ауданындағы жол бойынан құрықталып, олардан 2 полиэтиленді пакетте болған есірткі заттары тәркіленіп алынды.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастыру барысында олармен сыбайлас бір азамат Қайнар бұлақ тұрғын үй алабында өзінің мекенжайынан ұсталып, ол азаматтан 1 қапқа салынған есірткі заты табылды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар кептірілген марихуана екендігі анықталып, жалпы салмағы – 7 кг 188 гр құрады.

Атап өту қажет, құрықталған қылмыстық топтың мүшелерінің барлығы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған.

Бүгінде аталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру