Шымкенттік полицейлер көлікті заңсыз айдап кеткен жігітті ұстады
Шымкенттік полицейлер көлікті заңсыз айдап кеткен жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданының Полиция басқармасына 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын хабарласқан. Жәбірленушінің айтуынша, үйіне белгісіз адам жасырын кіріп, 500 мың теңге тұратын Ваз-2104 көлігін заңсыз айдап кеткен.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша тіркеуге алған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаладағы бейнебақылау камералары қаралып, сұрастыру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, жігіттің жүрген жері белігілі болды. Қала ішінде жүргізуші қашуға тырысқанымен, ұсталып, тиісті Полиция басқармасына жеткізілді. Автокөлікті айдап кету жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тексеру барысында анықталған азаматтың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Өз кезегінде көлік иесі полиция қызметкерлерінің жедел іс-әрекетіне алғысын білдірді.
Тәжірибе көрсеткендей, көлікті заңсыз айдап кетудің көп жағдайы жәбірленушілердің өздерінің салғырттығынан болады.Тәртіп сақшылары мүмкіндігінше азаматтарға үйлеріңіз бен қора-жайларыңызда қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қажетінше жарықтандырып, дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.