Шымкенттік полицейлер тұрғынның жоғалған малын тауып берді
Шымкенттік полицейлер тұрғынның жоғалған малын тауып берді. Алайда, белгіленбеген жерде мал жайған иесіне айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қайнар бұлақ шағынауданының тұрғыны малының жоғалғаны туралы хабарламамен Абай АПБ-ға жүгінді. Азаматтың айтуынша, ол екі бұқаны байлап, жайылу үшін қалдырған. Ал, біраз уақыт өте қайтып келгенде, бұқалардың біреуі жоғалып кеткендігін байқаған. Жануарды өз күшімен іздеп таппаған соң, иесі полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Учаскелік инспекторлар малдың жайылған жерін тексеріп, жақын маңдағы барлық аумақты қарап шықты. Нәтижесінде жоғалған бұқа саяжай аумағынан жарты күн ішінде табылды. Жануар арқаннан босатылып, кетіп қалғандығы белгілі болды.
Ірі қара иесіне қайтарылды. Қала тұрғыны полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Алайда, ер азамат ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осы орайда тәртіп сақшылары еске салады: үй жануарлары тек арнайы жайылымдық жерлерде жайылуы тиіс және оларға үнемі бақылау жүзеге асырылуы қажет.
Айта кететін жайт, заңнамаға сәйкес мал жаюдың белгіленген ережелерін бұзу 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келіп соғады. Егер аталған әрекет салдарынан бөтеннің мүлкіне залал келтірілсе, айыппұл 10 АЕК-ті құрайды.