Шымкенттік полицейлер жоғалған 3 жасар баланы тапты
Шымкенттік полицейлер жоғалған 3 жасар баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай АПБ-ның “102” арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған. Ол 3 жасар баласынан аяқ асты көз жазып қалғанын, баласы үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізді. Анасының айтуынша, бүлдіршіннің қолында самокаты болған.
Оқиға орнына шұғыл жеткен патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Ержан Абуев пен Жеңіс Сарыпбеков жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Кішкентай баланың өміріне төнуі мүмкін қауіптің барлығын ескеріп, айналаға шұғыл шолу жасады. Атап айтқанда, ойын алаңдары, жақын маңдағы көшелер мен дүкендерді тексерді.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері 1 сағат ішінде жоғалған баланы Алматы тас жолы “Сәтті жол” жанармай бекетінің жанынан тапты. Бала жалғыз өзі самокатымен үйінен 2 шақырым жерге ұзап кеткендігі анықталды.
Баланың анасы тәртіп сақшыларының жедел әрі нәтижелі жұмысы үшін алғыс білдірді.
Шымкент полицейлері ата-аналардан перзенттеріне мұқият болуды, бір сәтке де назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Өйткені, балалар әртүрлі қылмыстық жайттардың немесе жол апаты жағдайларының құрбаны болуы мүмкін.