Шымкенттік тұрғын жүргізуші куәлігін аламын деп ақшасынан айырылды
Шымкенттік тұрғын жүргізуші куәлігін аламын деп ақшасынан айырылды, – деп хабаралайды Polisia.kz.
Шымкент қаласында 7 қыркүйек Абай АПБ-на қала тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, бейтаныс әйел жүргізуші куәлігіңді жасап беремін деп сеніміне кірген. 22 жастағы азамат оған 140 мың теңге ақшасын беріп, соңында «ізін суытқан». Жарты жылдан кейін құрғақ уәдесіне тойған тұрғын полицияға жүгінді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс шараларын жүргізді. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол Шымкент қаласының 42 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азаматша оңай жолмен ақша табу мақсатында жәбірленушіні алдап, арбауына түсірген. Алған ақшаны жеке басының пайдасына жұмсаған.
Қазіргі таңда күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.