Шымкенттіктерді алдап жүрген түркістандық әйел құрықталды
Шымкенттіктерді алдап жүрген түркістандық әйел құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол өз шағымында белгісіз тұлғаның мемлекеттік бағдарлама арқылы кезектен тыс пәтер, жағдайы төмен отбасыларға арналған арнайы көмектен 2,2 млн теңге алып беремін деп сеніміне кіріп, 445 мың теңге көлеміндегі ақшасын алып, осы уақытқа дейін алдап келгенін көрсеткен.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеуге алды.
Дәл осы жағдаймен полицияға бірнеше тұрғын шағымданып, алаяқтың арбауына түскенін жеткізген.
Анықталғандай, бір жыл ішінде Шымкент қаласының 3 түрғыны алаяқ әйелдің құрбаны болған. Олардың кейбіріне пәтерден бөлек, ұлын жұмысқа орналастырып беремін деп уәде еткен.
Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы – 1,7 млн теңгеге жуық.
Келіп түскен ақпарат бойынша, алаяқты анықтау мақсатында тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізді.
Нәтижесінде, шымкенттік полицейлер күдікті ретінде Түркістан қаласының тұрғыны, егде жастағы әйелді ұстады. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.