Шымкенттің бас полицейі балаларды мерекемен құттықтады
Шымкенттің бас полицейі балаларды мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент қаласы ПД-ның бастығы Қайрат Дәлбеков басшылық және жеке құрам қызметкерлерімен №4 балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап қайтты.
Бүлдіршіндер арнайы келген тәртіп сақшыларын қазақы киіз үйде орналасқан қолөнер көрмесіне апарып, кейін мәжіліс залында мерекелік концерт қойды. Салтанатты шарада балалар үйінің басшысы Әлия Бектемисова сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді меншікті мейрамында назарсыз қалдырмағаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Жігіттерді спортқа баулып, ел қорғайтын мықты азаматтарды тәрбиелеу мақсатында спорт үйірмесі ашылғанын арта тартып, онда қоян-қолтық ұрыс әдістерін үйрететін жаттықтырушы бар екенін атап айтты. Өз кезегінде жас спортшылар білетіндерін ортаға салып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Сөз кезегін алған, мегаполистің бас полицейі балаларға ізгі тілегін айтып, оларға арналған сый-сияпаттарды табыс етті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев полицияға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мықтап тапсырды. Өйткені, туған өлкемізде өсіп келе жатқан әр бала – біздің өміріміздің мәні, берекесі мен болашағы екенін атап өткім келеді. Олардың қауіпсіздігі, тәрбиесі мен білімі ұлт келешегіне зор әсер ететіні айтпаса да белгілі. Сондықтан, қандай да бір қиындыққа тап болсаңыздар сіздерге біздің құшағымыз әрдайым ашық екенін, погонды аға-әпкелеріңіз дұрыс жол көрсетіп, құқықтық кеңес беруге қашан да дайын екенін жеткізгім келеді, – деп Қайрат Сұлтанбайұлы балаларға деген ерекше қамқорлығын көрсетті.
Шара соңында Шымкент қаласы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері балаларға қарсыласты қарусыздандырудың түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, таңқалдырды.
№6506 әскери бөлімінің сарбаздары бүлдіршіндерге өздерінің күнделікті ас мәзірінен дәм тату мүмкіндігін сыйлап, жігіттерді болашақта Отан алдындағы борышын өтеуге шақырды.
Мейірім мен қуанышқа, бақыт пен шаттықа толы кездесуден балалар мәз-мейрам болып тарқасты.