Шынар Нұршанова: Мен Қазақстан полициясының құрдасымын
Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болып жүрген полицейлер туралы ақпарат ұсынбақ.
Нәзік жанды бойжеткен үшін полиция қызметкері болу оңай шаруа емес. Полиция қызметі – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты және іскерлік пен бітімділікті талап ететін ауыр да жауапты сала. Қазақстан Полициясына 30 жыл толуы қарсаңында Атырау қаласы Полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, Қазақстан полициясының құрдасы Шынар Нұршанова өзінің қызметі жайлы айтып берді. Ол полиция қызметкері болғанын мақтан тұтады.
– Бала кезгі арманым осы полиция саласы болатын. Себебі әкем полиция қызметкері. Әке жолын жалғастырғым келіп, осы саланы таңдадым. Ағаларым да ішкі істер саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан. Әкем майор шенін алып зейнетке шықты. Солардың жолын қуып, қазіргі таңда полиция капитанымын. Үйде бес ағайындымыз. Соның ішінде ағам, әпкем мен үшеуміз осы салада қызмет етіп жатырмыз.
Шынар кәмелет жасына толмаған балаларға қандай қатаң шаралар қолданылатынын, олармен жұмыс жасау қаншалықты қиын екендігі туралы сөз қозғады.
– Кәмелет жасқа толмаған балалармен жұмыс жасау соншалықты қиын деп те айта алмаймын. Түнгі уақытта 18 жасқа толмаған балаларды ұстаған кезде ата-анасыз, яғни заңды өкілінің қарауынсыз жүргендіктен біріншіден ата-анасына хабарласып, келіп алып кетіп жатады. Көбіне біз жайсыз отбасымен жұмыс жасаймыз. Әкесі, анасы ішетіндер, солардың балаларын орналастырымыз. Кейбір қылмыспен ұсталатындар да бар. Мысалы, анашамен ұсталғандардың балалары бар. Соларды ұстап, балалар үйіне тапсырамыз. Кейбір ішімдік ішетіндердің балаларына шектеу береміз. Алты ай, бір жылға шектеу қойылады. Ата-аналары емделіп шыққаннан кейін балаларын қайтып ала алады. Бізде кәмелет жасына толмаған балалармен жұмыс көп көрінбегенімен, біз көбіне жайсыз отбасымен жұмыс жасаймыз. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында қылмыс көп. Ұрлық жасайды. Сол бойынша ата-аналарына хаттама толтырылады. Баланың жасы жетпеуіне байланысты ата-анасы жауапқа тартылады. 15-16 жастан жоғары балаларға төбелес бойынша Әкімшілік кодекстің 434-435-баптары бойынша хаттама түзіледі. Айыппұл ата-анаға салынады.
Қазақстан полициясының құрдасы жұмыс барысында тап болған қызық оқиғасын еске алды.
– Жалпы, жұмыста қызық оқиғалар көп. Мысалы ең алғашында 102 операторында болдым. Сол кезде күнде қызық оқиға болатын. 102 операторы кезінде неше түрлі қоңыраулар келіп түсетін. Біреулер менің үйімнің төбесінде өрмекші тұр мен не істеймін, немен соғамын деп хабарласады. Біз аяқ киіміңізбен соғыңыз деп айтамыз. Сол сияқты қызықтар көп. Кейбір адамдар болады, телефон соғып, мен сіздерге өлең айтып берейін деп өлең айтады. Кейбіреулері концертке шақырады. Сол сияқты қызықты, керемет сәттер болды.
Шынар Нұршанова қылмыс жасаған жасөспірімдер арасында аса ауыр қылмыс жасағандар жайлы, бір реттік ескерту беріп, кейін тағы да қылмыспен ұсталған жасөспірімдерге қолданылатын шаралар жайлы айтуды ұмытпады.
– Жайсыз отбасында тұратын анасы ішетін өзі 16 жастағы бала қылмыс жасайды. Қылмыспен есепке алынып, бір жыл ескерту беріледі. 18жасқа толмаған баланы қамамайды. Бір жылдың ішінде тағы да қылмыс жасайды, тағы да есепке алынады. Әр қылмыс жасаған сайын есепке алынады. Үшінші ретте өгей әкесінің машинасын түнгі уақытта айдап кетіп, соғып, қылмыс жасайды. Тексеріс жүреді. Баланы таба алмайды. Тексеріс барысында бала тағы да ұрлық жасайды. Солай тіркеліп, бала ұсталып, бір жылдың ішінде ескерту алса ары қарай оны қамап тастайды. Жалпы, бұндай жағдайларға шарасыз қалмайды.
Атырау қаласы Полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Шынар Нұршанова барша ішкі істер саласының қызметкерлерін Қазақстан Полициясының 30 жылдығымен құттықтайды.