"Silica Gel" қаптамасына есірткі жасырған: ШҚО-да сотталғанға тыйым салынған зат жеткізу әрекеті тоқтатылды
Шығыс Қазақстан облысында ҚАЖД-ға қарасты №73 мекеменің қызметкерлері ШҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, сотталған адамға тыйым салынған зат жеткізу әрекетінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қарасора-2026" және "Тосқауыл" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында азық-түлік сәлемдемесін тексеру кезінде қызметкерлердің назарына пластик шейкер іліккен. Оны мұқият тексеру барысында ішінен "Silica Gel" деген жазуы бар шағын пакет табылған.
Әдетте мұндай пакеттер аяқ киім, сөмке және басқа да тауарлардың қаптамасына ылғалды сіңіру мақсатында салынады. Алайда бұл жолы оның ішінде ылғал сіңіргіш зат емес, жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат жасырылғаны анықталды.
Осылайша тыйым салынған затты күдік туғызбай, мекеме аумағына өткізу әрекеті әшкереленді.
Табылған зат сот-химиялық сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысына сәйкес, қолданыстағы заңнама талаптарына сай процессуалдық шешім қабылданады.
– Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар оларды жасырудың түрлі амалдарын қолданады. Дегенмен қызметкерлердің қырағылығы мен мұқият тексеруінің арқасында мұндай әрекеттер дер кезінде анықталып, жолы кесіліп келеді. Түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттардың жеткізілуіне жол бермеу мақсатындағы жұмыстар ішкі істер органдарымен бірлесіп тұрақты түрде жүргізіледі, – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
ҚАЖ мекемелерінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауда. Тыйым салынған заттарды ішке өткізудің кез келген әрекетіне заң аясында тиісті шаралар қабылданады.
