Синтетикалық есірткі сатумен айналысқан тараздық ұсталды
Синтетикалық есірткі сатумен айналысқан тараздық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласында 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Тінту жүргізу кезінде оның киімінің қалтасынан Альфа-PVP синтетикалық есірткі заты оралған 84 дана полиэтилен түйіншегі табылды, сонымен қатар оның көлігінен тағы 50 пакет табылып, тәркіленді.
Есірткі құралдары Черныш атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен анықталды.
Сондай-ақ, күдікті есірткі сақталған тағы 16 орынды өз еркімен көрсетті. Тәркіленген тыйым салынған заттардың жалпы салмағы 60 грамнан асты.
– Күдікті өз кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған бапқа сәйкес, мүлкін тәркілей отырып, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Асқар Жұмабеков.