Солтүстікқазақстандық автоклубтардың қатысушыларымен кездесу өтті
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жыл басынан жол қозғалысы ережелерінің 13 789 бұзушылығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшылығы солтүстікқазақстандық автоклубтардың қатысушыларымен кездесу өткізді.
Полицейлердің және «JZ», «Mersedes», «BMW» және «Subaru» клубтарының арасындағы диалогтың негізгі тақырыбы – жолда жүру тәртібі мен көлікті жол ережелерін сақтай отыра жүргізу болды. Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Айдын Байматов жолдағы жағдай туралы баяндай келе, алаңдатушылық туғызатын статистиканы атап өтті: жыл басынан облыс жолдарында 74 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 12 адам көз жұмған және 102 адам жарақат алған. Сондай-ақ, барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет талаптар айтылды.
– Біздің басты міндетіміз – бұзушыларды тоқтатып, жауапқа тарту емес. Тап қазір сіздердің бастарыңызды қосып, барлық түйткілді мәселелердің басын ашып алған жөн деп санаймыз, ал сіздер басқа авто әуесқойларға кездесу қорытындылары, бұзушылық үшін көзделген жауапкершілік жайында айтып жеткізесіздер деген ойдамын, – деп атап өтті Айдын Байматов.
Спорттық машиналарда шу басқыш ретінде пайдаланылатын тюнинг атрибуттарын пайдалануға қатысты мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды. Полицейлер көлікті заңсыз қайта жабдықтау үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтті, баппен 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Кездесу бастамашылары қайта жабдықталған көлік құралдарыңың қатты дыбысы тыныштықты бұзатынын және бұл бұзушылыққа жататынын еске салды. Егде жастағы қала тұрғындары, балалар әсіресе түнгі уақытта күшейе түсетін шудан зардап шегеді.
Автоклуб мүшелері көкейлерінде жүрген сұрақтарын жаудырды. Айтылған ұсыныстар полицейлердің назарынан тыс қалған жоқ. Кездесу соңында Жергілікті полиция қызметінің полицейлері спорттық автомашиналардың жүргізушілері арасында жарыстар өткізу тәртібі бойынша түсінік берді.
– Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының қатысуымен өткен кездесуде өзекті мәселелер талқыланды. Көп нәрседен хабардар болып, Петропавл автоклубтарының автоқозғалысына қатысты ортақ ойға келдік. Көңіл бөліп, шақырғандарына алғысымыз шексіз, ынтымақтастығымызды ары қарай да жалғастыратын боламыз, – деді «Mersedes» автоклубының мүшесі Евгениі Мурыгин.
Жыл басынан СҚО жолдарында жол қозғалысы ережелерінің 13 мың 789 бұзушылығы тіркелді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс күнделікті жалғасып жатыр.