Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жылқы ұрлаған екі ер адам ұсталды

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығына қатысты күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, мал
ұрлығы болғанын жеткізді. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, белгісіз адамдар түнгі уақытта тұрғын-үйінің жанындағы қорасына жасырын кіріп, байлаулы тұрған жылқысын ұрлап кеткен.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 500 000 теңгені құрады.

Жетісай қаласының тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлерден жауап алды, сондай-ақ мал таситын автокөліктерді және үй малын сататын орындарды тексерді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде екі күдіктіні ұстады.

Оның бірі – бұрын сотты болған жергілікті тұрғын, екіншісі – көрші ауылдың тұрғыны. Полиция қызметкерлері ұрланған малды айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.

Тергеу барысында анықталғандай, олар қораның тұрғын–үйден алыстау орналасқанын пайдаланып, жылқыны жымқырып кеткен. Содан ауыл шетіне апарып жасырған. Сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жаратпақ болған.

Кінәларын толық мойындаған күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Егер сіз мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада “102” телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру