Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстікқазақстандық полицейлер есірткіге қарсы акция өткізді

Солтүстікқазақстандық полицейлер есірткіге қарсы акция өткізу үшін ерекше орынды таңдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстікқазақстандық полицейлер “Есірткісіз болашаққа” акциясын өткізу үшін ерекше орынды таңдады. Іс-шара СҚО әкімдігінің және Көліктегі полиция департаментінің қолдауымен өткізілді.

Сақшыларды “Қамқор” еріктілер клубындағы сенімді ерікті көмекшілері мен бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қолдады. Полицейлер Петропавлдың темір жол вокзалында еліміздің басқа қалаларынан келген меймандар мен күту залында отырғандарға арнап акция ұйымдастырды. Акцияға арнайы шақырылған “JE SKO” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғам белсендісі Антон Шишканов бұл мәселенің алдын алуға тек ішкі істер органдары ғана емес, басқа адамдар да атсалысуы қажет екенін еске салды.

Күту залы мен пойыздардың бірінің вагонында полицейлер жолаушыларға Петропавл қаласындағы есірткі ахуалы мен есірткінің зияны туралы айтып, дәрумендер, полиция байланыс мәліметтері жазылған ақпараттық парақшалар үлестірді.

– Полицияның қолжетімділігін кеңейте отырып, біз Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ресми аккаунттарын аштық. WhatsApp-та ПИК төрағаларымен бірге ашылған арнайы чат жұмыс істеуде. Адамдар бұл арналар арқылы есірткінің зияны, салдары, есірткі қылмысы үшін қарастырылған жауапкершілік жайлы шынайы ақпаратқа қол жеткізе алады. Сондай-ақ, жасалған немесе жасалғалы жатқан есірткі қылмыстары туралы хабарлауға болады. Біздің қызметкерлерге қылмыстар туралы бірнеше мәрте хабарлар келіп түсті, – дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.

Жұмыстың осындай сипатта жүргізілуінің артықшылығы – тұрғындардың қажетті ақпаратты жылдам алуында. Халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделінің ауқымын кеңейтуге бағытталған мұндай ашық түрдегі диалог адамдарға ыңғайлы түрде өткізіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру