Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстікқазақстандық учаскелік полиция инспекторы 18 мыңнан астам пәтерге барып қайтты

Солтүстікқазақстандық учаскелік полиция инспекторы 1 қазаннан бастап 18 мыңнан астам пәтерге барып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1 қазаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысында «Учаске» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шараның мақсаты – құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ азаматтармен тығыз және сенімді қарым-қатынас орнату. Учаскелік полиция инспекторларының алдында барлық үйлер мен пәтерлерге бару міндеті тұр.

Облыстың ең ірі елді мекені – Петропавл қаласында іс-шара аясында учаскелік инспекторлар барлық шағын аудандардың тұрғындарымен кезең-кезеңімен жиындар өткізуде. Жуырда учаскелік полиция инспекторларымен ұйымдастырылған осындай кездесулердің бірі Жұмысшы кентіндегі Островский көшесі, 149 мекенжайындағы көппәтерлі үйлердің ауласында өтті.

Ауладағы әжелер самокат мінуге құмар жасөспірімдердің үйдің кіреберісіне төселген жұқа плиткаларды бүлдіретінін айтты. Инспекторлар ақпаратты жазып алып, шаралар қабылдайтынын айтты.

Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары аула тұрғындарына қашықтықтан жасалатын алаяқтықтың алдын алу туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Тәжірибе көрсеткендей, желідегі алаяқтар зейнеткерлерді таңдайды. Өйткені оларды алдау оңайға түседі. Полицейлер интернет-алаяқтардың жиі кездесетін сценарийлері мен механизмдері туралы айтып, жадынамалар таратты. Кездесу соңында егер әлдебіреу қоңырау шалып, жеке деректерді сұрай бастаса, оның алаяқ екені және тұтқаны бірден қоя салу қажет екенін айтты.

Петропавл қаласы Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 қарашаға дейін жалғасады. Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарынан іс-шараның өтуіне түсіністікпен қарауды сұрайды және ішкі істер органдарының қызметкерлеріне барынша жәрдем көрсетуге шақырады. Күдік туғызатын адамдар туралы «102» нөміріне хабарлау қажет.

1 қазаннан бастап осы сынды кездесулермен облыс бойынша көпқабатты үйлердің 18 мыңнан астам пәтері және 25 мыңнан астам жеке үйлер қамтылды. Тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында әр түрлі есепте тұрған 972 адам, сондай-ақ 129 қолайсыз отбасы тексерілді.

Тұрғылықты мекенжайы жоқ 24 адам ұсталды. Жалдамалы 1120 пәтер тексерілді, онда тіркеусіз жалдауға тұрғын үй берудің 58 фактісі анықталды, олар бойынша ұсыныстар салық органдарына жіберілді. Атыс қаруының 2092 иесі тексерілді, оның барысында қаруды сақтау ережелерінің 6 бұзушылығы анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру