Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жазасын өтеп шыққан азамат Құран оқу тақталарын сыйға тартты

Шығыс Қазақстан облысында түрмеден босап шыққан азамат «Халифа Алтай Құран Жаттау» орталығына мекемеде өз қолымен жасаған Құран оқу тақталарын сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Үлгілі тәртібі үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан азамат діни бірлестік өкілдеріне алғысын білдіріп, «Халифа Алтай Құран Жаттау» орталығына мекемеде өз қолымен жасаған Құран оқу тақталарын сыйға тартты.

– Мен бұл бұйымдарды қолыммен арнайы осы мешітке сыйға тару үшін жасадым. Босап шыққан соң, бірінші кезекте мешітке бардым. Егер әрбір адам басқаларға зияны тиместен, саған жақсылық жасап, көмек етсе, онда сен міндетті түрде жақсылығына жақсылық, көмегіне алғыс айтуға ұмтылуың керек, – дейді түрмеден босап шыққан азамат.

Қазіргі таңда ОВ 156/20 мекемесінде Шығыс Қазақстан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог мамандарымен және Қазақстан Республикасында ресми тіркелген діни бірлестік өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мұндағы мақсат-терроризм мен діни экстремизм идеялары мен деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетінің алдын алу және «теріс діни көзқарастағы» сотталғандарға теологиялық кеңес беру, түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізу.

– Сүрінбейтін тұяқ, қателеспейтін адам болмайды. Ал сол қателескен азаматтардың кемшілігін бетіне басып, тұқыртып, қоғамнан аластауға асықпаған дұрыс. Олардың да жақыны, туыстары бар. Қанша қылмыс жасаса да туыстары оларды күтеді, жамандыққа қимайды, өмірді жаңаша бастайтынына сенеді, – дейді тәрбие бөлімінің бастығы Болат Майзақов. – Біз сол сүрінген азаматтардың түзу жолға түсуіне, жақындарымен табысуына, қоғамнан қол үзбеуіне көмектесуіміз керек. Түзеу мекемелерінің ең басты міндеті де осы. Бостандығынан айырылған жандарды жазалау арқылы емес, тәрбиелеу арқылы өмірден өз орнын табуына көмектесу. Мұндайда діни тәрбиенің де аз көмегі тимейтіні рас. Түзеу мекемесіндегі басты қару – тәрбие. Бірақ, бәрі талапқа сай болуы шарт. Ең бастысы, біз сотталғандардың діни адасушылыққа бармай, дәстүрлі ислам дінін ұстануын қадағалауымыз қажет,- деді Болат Майзақов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру