Созақта заңсыз балық аулаған алты тұрғын жауапқа тартылды
Созақта заңсыз балық аулаған алты тұрғын жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 сәуір мен 31 мамыр күндері аралығында республика көлемінде «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шараның мақсаты – балық және балық өнімдерін аулау, сату, тасымалдау, сатып алу секілді құқық бұзушылықтарды анықтау.
Осы бағытта жүргізілген іс-шара барысында Созақ АПБ-ның полицейлері кезекті браконьерлік жайтын анықтады.
Нақтырақ айтсақ, Созақ АПБ-ның полицейлері, Түркістан және Жамбыл облыстарының Орман шаруашылығы мен табиғи ресурстар және пайдалануды реттеу басқармасы, Охотзоопром инспекторларымен бірлесіп рейд жүргізді. Олар Шу өзенін, Ақжайқын, Ақкөл, Ақжар, Қызылкөл көлдері мен су қоймаларын аралап, тексеру өткізді. Тиісті мамандардың жүйелі жұмысы нәтижесінде, заңсыз балық аулаған алты азамат ұсталды. Олардан 44 келі сазан балығы, екі үрмелі қайық, төрт ескек, екі желбергіш құрал тәркіленді.
Тәртіп сақшылары аталған жайтқа қатысы бар екі тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігі (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) бойынша, ал қалған төрт тұрғынға осы баптың 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырды. Оларға айыппұл салынды.
Полицейлер тарапынан бұл бағыттағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау мақсатындағы шаралар әлі де жалғасын табады.