Көкшетауда төрт айда 17 бала жоғалды
Көкшетауда төрт айда 17 бала жоғалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 сәуірде Көкшетау қаласының 7 жасар тұрғыны үйінен шығып, мектепке дейін жетпеген. Туыстары бірден полиция қызметкерлеріне жүгініп, патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастады. Бақытымызға орай, ата-аналары баланы туыстарынан аман-есен тауып алды. Бала мектепке кешігіп қалып, сабақтың аяқталуын күткен.
– Жалпы, төрт айда облыс бойынша кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кеткендердің 33 фактісі тіркелді. Оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша – 17 бала, – деді Ақмола облысы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Айнагүл Қуандықова.
Ерекше жағдай 26 сәуірде орын алды, Жергілікті полиция қызметі басқармасының кезекші бөліміне сағат 19:30 шамасында жас бала жеткізілді. Ер адам баланы Уәлиханов-Мира көшелерінің қиылысының жолынан тауып алған. Бала жалғыз болған.
Баланың аты Әлішер және жасы 4-те екені анықталды. Әңгіме барысында бүлдіршін әжесін атап, полиция қызметкерлеріне үйін көрсетті. Нәтижесінде, көпқабатты үйдің ауласында баланы өз беттерінше іздеп жатқан әжесі мен анасы табылды.
– Жазғы маусымның басталуымен бастауыш мектеп жасындағы балалар қала көшелеріне, ойын-сауық саябақтарына және сауда орталықтарына кетіп жатады, ал жасөспірімдер үйден кетуге бейім, – дейді полиция қызметкерлері.
Бұған жол бермеу үшін ата-аналар алдын-ала қауіпсіздік шараларын қабылдауы керек, егер бүлдіршін жоғалса, орнында қалуы қажет, ал көмек сұрау үшін баласы бар әйелге, полиция қызметкеріне жүгінуі қажет.
Ал жасөспірім балалар сенімді қарым-қатынасты және баланың өміріне саналы түрде қатысуды талап етеді.