Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Спортты жанына серік еткен шенді ару

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды полицейлер жайлы ақпарат ұсынады.

Нәзік жанды ару Ұлболған Жақсылықова – полиция қызметкері. Көздері күлімдеп тұратын, шынашақтай ғана қыздың қайсар мамандықтың иесі екені талайды таңдандырса, арудың талай халықаралық додаларда ел байрағын биікке көтеріп жүрген белгілі спортшы екенін білгенде мақтаныш кернейді. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында туып-өскен Ұлболған спортты оқушы кезінен бастап жанына серік еткен. Кез келген кәсіби спортшыға тән тиянақтылық пен салмақтылық, темірдей тәртіп сынды бала кезінен бойына сіңірген қасиеттер қаршадай қызды тәртіп сақшысы болуға талпындырған. Бүгінде Ұлболған Жақсылықова Мұғалжар аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар инспекторы болып абыройлы қызмет атқарады.

Дене шынықтыру даярлығына ерекше мән берілетін мамандықтық иесі атанғаннан кейін ол күреске кәсіби түрде ден қойып, байрақты бәсекелерде самбо, дзюдо, джиу-джитсу, грэпплинг спорт түрлерінен үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Намысты қолдан бермейтін қайсар ару – грэпплингтен және самбодан спорт шеберлігіне үміткер. Өткен жылдың өзінде жігерлі қыз грэпплингтен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан кубогының жеңімпазы, халықаралық турнирдің, «Қазақ батыры» турнирінің жүлдегері, джиу-джитсудан халықаралық турнирдің жеңімпазы, республикалық турнирдің күміс жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан ІІМ кубогы мен Қорғаныс министрлігі кубогының жүлдегері атанса, биыл Шымкентте өткен Қазақстан кубогында қола жүлде алып, ақпан айында Ақтөбеде өткен грэпплинг күресінен өткен Азия халықаралық турнирінде екі мәрте чемпион атанды.

– Отбасымызда алты қызбыз. Әпкелерім, сіңлім бар. Олар – педагогика, медицина мамандары. Бірлігі жарасқан отбасылардың біріміз. Анам – өте ғажайып, мейірімді жан, біздің шешімізді үнемі қолдап, әрдайым сеніп білдіріп жүреді, – дейді спортшы қыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру