Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полициясының саңлағы

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген нәзік жанды полицейлер жайлы ақпарат ұсынады.

Айдана Тлеуханова – Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкері. Ол қоян-қолтық күрестен еліміздің 2 дүркін чемпионы, сондай-ақ республикалық турнирдің күміс жүлдегері, спорт шеберіне үміткер, қара белбеу бойынша І дан иегері.

Тыныштығымыздың сақшысы, қоғам қауіпсіздігінің кепіліне айналған Қазақстан полициясының қатарында ер азаматтармен бірге иық тіресе еңбек етіп жүрген осындай қайсар  қыздардың бар екенін әрдайым мақтан етеміз.

– Полиция қызмкеткерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу. Барлық уақытта әділдік танытып, мұқтаж жандарға көмек көрсету – адамгершіліктің белгісі. Дәл осы қағидалар жауапкершілігі үлкен мамандықты таңдауыма әсер етті. Қандай қиындықтар мен кедергілер болса да шыдау керек, демек қажырлы болу шарт деген сөз. Ол үшін спортпен айналысудың өзі-ақ жеткілікті, – дейді Айдана.

Иә, бүгінгі күні еліміздің әуе және темір жол нысандарындағы тәртіп пен заңдылықты сақтауда қалтқысыз қызмет өткеріп жүрген Айдананың спортта биіктерден көрінуі көптеген замандасына үлгі. Ол 15 жасынан-ақ спортты жанына серік етіп келеді. Тал бойынан нәзіктік сезілгенімен, алдына қойған мақсатына жетемін деген табандылық мінез бар. Сол төзімділігінің арқасында талай сайыстарда бақ сынап, сән мәрте жеңіс тұғырынан көрінді.

– Спортта бізді алға жетелейтін ол, әрине – жеңіс. Қажымас еңбек пен жанкешті жаттығулардың нәтижесінде ғана спортшы өз бойында шеберлік дағдысын қалыптастырады. Сөйтіп, жеңістің шыңын бағындырады. Спорт адамды шынықтырып қана қоймайды, ол тәрбиелейді, – дейді кейіпкеріміз.

Полиция қызметкері тек республикалық сайыстарда ғана емес, сонымен бірге өңірлік жарыстарда да топ жарып жүр. Осы спорт түрінен Қарағанды қаласының 4 дүркін чемпионы, Қарағанды облысының 6 дүркін чемпионы атанған. Жас спортшының өзінің алғашқы жаттықтырушылары болған Кирил Степанов пен Георгий Абназыров сынды абзал азаматтарға айтар алғысы шексіз.

Талай додаларда шашасына шаң жұқтырмай жүрген намысшыл да өжет мінезді қыздың әлі талай жеңіс тұғырынан көрінеріне біздің де сеніміміз мол. Өйткені, оның спорттағы биік белестерді межелеп, мақсатқа жетуге мықтап бел байлағаны анық байқалады. Ешқашан уақытпен санаспай, күндіз-түні қарбаласқа толы, қауырт қызметте аянбай тер төгіп, ал спортта абыройымызды асқақтатып жүрген Айданаға өмір де де өнерде де зор табыстар тілейміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру