СҚО ауылдық округінде қызметтік үймен біріктірілген учаскелік полиция пункті ашылды
СҚО ауылдық округінде қызметтік үймен біріктірілген учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының ауылдық округінде қызметтік үймен біріктірілген учаскелік полиция пункті ашылды. Краснознаменное, Калугино, Беловка ауылдық округінде мыңнан астам адам тұрады. 2020 жылғы сәуірден Краснознаменный ауылдық округіне учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Смаилов қызмет көрсетеді.
Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Краснознаменное ауылында учаскелік полиция инспекторына қызметтік үймен біріктірілген заманауи кеңсе салынды. Учаскелік пунктінің ашылу салтанатына СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев, Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов, Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин, ауданның белсенді азаматтары, Полиция департаменті жанындағы Консультативтік-кеңесші органның мүшелері, сондай-ақ жергілікті полицейлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа учаскелік полиция пунктінің мекенжайы: Краснознаменное ауылы, Конституция көшесі, 1 А. Үйдің жалпы аумағы – 100 шаршы метр. Кеңсе компьютерлік техникамен, телефонмен, жиһазбен жабдықталған. Учаскелік полиция инспекторы азаматтарды демалыссыз сағат таңғы 09:00-ден кешкі 23:00-ге дейін қабылдайды.
– Өткен жылы осындай учаскелік полиция пунктері Мамлют, Уәлиханов аудандарында ашылған болатын. Осылайша «жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру шеңберінде біз сервистік жұмыс моделіне көшудеміз, бұл халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, азаматтардың өтініштеріне уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Учаскелік инспектор учаскесінде 24/7 бойы болады – бұл құқық бұзушылықтардың тиімді профилактикасы. Жұмыстың басты көрсеткіші – халықтың полицияға сенімі, сенім қауіпсіздікті және қамқорлықты сезінуден пайда болады. Осы мақсатта барлық жағдайлар жасалуда, азаматтардың қауіпсіз болуы және қылмыс деңгейін төмендету басты назарда, – деді СҚО Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов.
Шара барысында Мамлют ауданының бірнеше тұрғыны Полиция департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту үшін учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Смаиловқа жаңа Chevrolet Nexia автокөлігінің кілті табыс етілді. Мереке облыстық полиция ведомствосының Мәдени орталығы өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламамен аяқталды.