Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да 200-ден астам ата-ана жауапкершілікке тартылды

Солтүстік Қазақстан облысында балаларының түнде қараусыз жүргені үшін 200-ден астам ата-ана жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Күні-түні қызметте. Өңірдің ювеналдық полицейлері күндіз білім ордаларында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізсе, түнде көшелерде рейдтік іс-шаралар өткізеді. Түнгі кезекшіліктердің басты міндеті – жасөспірімдер тарапынан болатын, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту.

Түнгі сағат бірлер шамасында Назарбаев және Мүсірепов көшелерінің қиылысында ювеналдық полицейлер бір топ жасты тоқтатты. Тексеру барысында жастардың бірінің кәмелет жасына толмағандығы белгілі болды. Өткен жазда дәл осы қылығы үшін инспекторлардың көзіне түсіп үлгерген. Осы жолы да оның анасы шақыртылды. Әкімшілік кодекстің 442-бабы бойынша хаттама толтырылып, жасөспірімнің анасымен профилактикалық сипаттағы әңгімелесу жүргізілді.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, жыл басынан ювеналдық полицейлер облыс бойынша 60-тан астам рейдтік іс-шаралар өткізген. Қаңтар айында полицияға кәмелетке толмаған 319 жасөспірім жеткізіліпті. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үй-жайдан тыс жүргені үшін 210 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін өңір аумағында сегіз жасөспірім есепке қойылыпты. Бүгінгі таңда полицияның есебінде 190 жасөспірім тұр екен. Олардың әрқайсысымен полицейлер мен ұстаздар жекелей жұмыстар жүргізеді.

Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу тек жасөспірімдердің арасында ғана емес, мұндай жұмыстар ата-аналар арасында да өткізіледі екен. Көшелердегі рейдтерден бөлек сақшылар тәртібі нашар отбасыларға тұрғылықты мекенжайлары бойынша барады. Жыл басынан кәмелетке толмаған балаларына тиісті тәрбие бермей, немқұрайлы қарағаны үшін облыста 82 ата-ана жауапқа тартылды. Тәртібі нашар 16 бала есепке қойылды.

Қанат Айтбаев атап өткендей, жасөспірімдер тарапынан болатын, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу жөніндегі жұмыстар облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Қазір оқушылар үшін оқу жылының үшінші тоқсаны өтуде. Жоғарғы сынып оқушылары үшін бұл тоқсан – ең ұзақ және қиын кезең. Ювеналдық полицейлердің, ұстаздардың және ата-аналардың ортақ міндеті – балалардың жастық шағы таза, еш заңбұзушылықсыз өтуі үшін түрлі олқылықтардың алдын алу.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру