Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да 400-ге жуық автожол тексерілді

СҚО-да автожолдардың 397 тексерісі жүргізіліп, кемшіліктерді жою бойынша 212 ұйғарым шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желілерде Петропавл қаласына шығар бетте орналасқан Қожаберген жырау – Жамбыл көшелерінің көлік айрығындағы жол қозғалысының қауіпсіздігі мәселесі талқылануда. СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы аталған жол учаскесін қосымша тексеріп, сондай-ақ полицейлер сол жерде жүргізушілермен және велосипедшілермен профилактикалық жұмысты жүргізді.

Көлік саны артатын кездерде екі дөңгелекті көліктің жүргізушілеріне қауіп төнеді. Аталған көлік түрі шағын болғандықтан, сондай-ақ шам мен оларды тізгіндейтіндердің киімінде жарық шағылыстыратын таспалардың болмауынан көлік жүргізушілері велосипедшілерді, скутер, самокат жүргізушілерін қараңғы кезде байқамай қалады. Осы орайда Жол жүрісі ережелері, жол белгілерінің талаптары қатаң сақталса да, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупі жоғары.

СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, Қожаберген жырау-Жамбыл көшелерінің көлік айрығында көлік қозғалысы қарқынды. Бұнымен қоса, бұл жерден ауыр жүк тасымалдайтын көліктер де өтеді. Полицейлер велосипедшілерді Жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауға шақырады, көлік легінде жолдың оң жағымен, айналма жолды жаяу жүргіншілер өткелімен, екі дөңгелекті көлік болса, көліктен түсіп өту қажеттігі туралы еске салады. Жолды осылай кесіп өту арқылы Жол жүрісі ережелері сақталады, ең бастысы бұл адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Айта кететіні, велосипедші-спортшылардың ұйымдасқан тобы айналма жолдан соңынан бапкері мінген көлік ілесіп жүрген жағдайда ғана өте алады.

СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының ақпараты бойынша Қожаберген жырау-Жамбыл көшелерінің айрығында басымдық беру жол белгілері толық көлемде орнатылған. Аталған айрықта Жамбыл көшесі басты болып табылады, «Қызылжар Су» ЖШС және 314-ші атқыштар дивизиясы көшесі жағынан келе жатқан жүргізуші Жамбыл көшесімен жүріп бара жатқан көлік құралдарына жол беруі тиіс. Аталған жол учаскесінде бағдаршамды орнату мүмкін емес, себебі айрық жолдың жоғарыға көтерілетін бөлігінде орналасқан. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мақсатты бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылғы қазан айында жергілікті атқарушы органдармен облыс орталығының аумағында бұзушылықтарды автоматты тіркеу жүйелерін (жылдамдық өлшегіш) орнату жоспарланып отыр, бұндай жүйелердің бірі – Жамбыл көшесінің маңында орнатылады.

«Қауіпсіз жол» республикалық айлығы шеңберінде әкімшілік полицейлер автомобиль жолдары мен жол-көше желісінің 397 тексерісін жүргізді, 800 км жол қамтылып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 294 ақау анықталды. Анықталған кемшіліктерді жою туралы 212 ұйғарым шығарылды, олар бойынша жолды күтіп ұстауға жауапты 21 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру