СҚО-да елік жол-көлік оқиғасының себепкері болды
СҚО-да елік жол-көлік оқиғасының себепкері болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 тамызда СҚО Аққайың ауданының аумағында екі бірдей автокөлік елікпен соғылып, зақымданған. Сағат 10:00 шамасында Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолының 455 шақырымында Астраханка маңында келе жатқан Hyundai Tucson автокөлігінің алдынан кенеттен жануар пайда болған. Соққы салдарынан елік қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігіне соғылған.
Жануар мерт болды. Адамдар зардап шеккен жоқ, автокөліктерге механикалық зақым келтірілді.
Оқиға орынынан бір шақырым жерде дәл сол учаскеде 15 тамызда осыған ұқсас жағдай орын алған. Ол кезде елік Петропавлдан шыққан астана тұрғынының Jac J7 автокөлігіне соғылып, мерт болған. Абырой болғанда, жүргізуші зардап шеккен жоқ.
– Автокөлік жүргізушілерінен орман жақын орналасқан жолдың жүріс бөлігінде аса сақ болуды сұраймыз. Сондай-ақ жол белгісіне назар аударып, мал айдап өтетін жерлерде жылдамдықты азайту керек, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жүргізушілердің назарын аударту және қауіп туралы ескерту үшін полицейлер жануарлардың 27 макетін қолдануда. Осы мақсатта 18 полиция көлігінің макеттері облыс пен аудандарда орнатылды.
Бұдан бөлек, Уәлиханов, Аққайың мен Айыртау аудандарындағы елдімекен аумағында жолдан өтпек болған балалардың 5 макеті орналастырылды. Полицейлер бұл – жолда жүргізушілердің назарын аудартып, қауіпті учаскелерде жылдамдықты азайтуға септігін тигізетін сенімді құрал екендігін атап өтті.