Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да пәтер ұрлығы 30%-ға төмендеді

СҚО-да пәтер ұрлығы 30%-ға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Пәтер ұрлығы қылмыстың кең тараған түрінің бірі болып қала береді. Онымен күрес – криминалдық полиция қызметінің маңызды бағыты.

Бүгінгі таңда 30%-ға төмендеуге қол жеткізілді: қаңтар айынан бастап облыста өткен жылдың ұқсас кезеңінде 351-ге қарсы 245 пәтер ұрлығы тіркелді. Оның 72-сі тұрғын үй-жайға заңсыз кірумен байланысты ауыр санатқа жатады. Қалған ұрлықтар еркін қолжеткізу арқылы, кейде бірлескен ішімдік ішу кезінде жасалады.

Қылмыстың төмендеуіне бірқатар факторлар, әсіресе рецидивті қылмыспен күрес бойынша мақсатты жұмыс өз ықпалын тигізеді. Өткен жылы облыс орталығында 6 рецидивист ұсталды. Қазіргі уақытта олар жазаларын өтеуде. 2022 жылы пәтер ұрлығының бір ғана сериясы тіркелді. Жедел уәкілдер маусым айында оның жолын кесіп, 7 эпизодқа күдікті ретінде 33 жастағы бұрын сотталған Петропавл қаласының тұрғынын ұстады.

Пәтер ұрлығына қарсы іс-қимылға мүлікті қорғаудың техникалық құралдарын кеңейту де үлесін қосуда. Мысалы, Петропавлдағы орталықтандырылған бақылау пульті арқылы күзетілетін үйлер мен пәтерлер саны 1120-дан 1142-ге дейін және 6 аудан орталығында да өсті. Күзетілетін тұрғын үйде ұрлыққа оқталу тіркелген жоқ. Бейнекамераларды орнату аса маңызды болып есептеледі.

– Көпқабатты үйлердің подъездеріндегі, подъездері алдындағы және аулаларындағы бейнебақылау – ұрлықты алдын алу мен ашудың сенімді құралының бірі. Сондай-ақ адамдарға сенімді құлыптарды, металл есіктерді пайдалануға кеңес береміз. Жеке меншік үйлер мен бірінші қабаттардағы пәтерлердің тұрғындарына терезелерді торлармен жабдықтауға кеңес береміз. Сондай-ақ қырағылық таныту маңызды: күдікті тұлғаларды, әсіресе кіреберістерде байқаған жағдайда «102» арнасына хабарлаңыз, жақын маңдағы патруль тексеруге жіберілетін болады, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру