Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер мен кәсіпкерлер көңіл-көтеру орындарында түнгі рейдтік іс-шаралар өткізді

СҚО-да полицейлер мен кәсіпкерлер көңіл-көтеру орындарында түнгі рейдтік іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласының Полиция басқармасы облыс орталығындағы көңіл көтеру орындарында рейдтік іс-шаралар жүргізді. Түнгі уақытта тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылықтар, масаң күйдегі жанжалдар – осы және басқа да құқық бұзушылықтар күн сайын учаскелік полиция инспекторларының назарында. Ювеналдық полицейлер бөлек жоспар бойынша аулалар мен көшелерде түнгі уақытта кенеттен рейдтік іс-шаралар өткізеді.

Түнгі көшелер мен көңіл көтеру орындарындағы құқықтық тәртіп, қауіпсіздік үшін жергілікті атқарушы органдар, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен полиция секілді мүдделі мемлекеттік органдар жауап береді. Жуырда танымал мессенджерде Абай көшесіндегі диско-барлардың бірінде түсірілген бейнефайл тарап кетті. Бейнежазбада масаң күйдегі қалалық бойжеткен әдепсіз би көрсетеді. Тәртіп сақшылары дереу тексеру жүргізіп, нәтижесінде ақпарат расталды. Көңіл көтеру орнына келген 21 жастағы бойжеткен анықталды. Оған қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Диско-бардың әкімшілігімен профилактикалық сипаттағы әңгімелесу жүргізілді.


Бұған дейін полицейлер кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен бірлесіп, қаладағы көңіл-көтеру орындарында көлемді рейд өткізді. Төрт сағатқа созылған рейдтік іс-шарада учаскелік полиция инспекторлары мен ювеналдық полицейлер оннан астам көңіл-көтеру орнын тексерді. Түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үй-жайдан тыс болуының бірден екі фактісі анықталды. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, мекемелердегі бөлмелерде темекі шегу фактілері анықталды. Келушілер мен әкімшілікке қатысты да шаралар қабылданды.

Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, кәсіпкерлер палатасының қатысуымен өтетін осындай рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде өткізілмек.

Жыл басынан облыс орталығында тыныштықты бұзудың 100-ден астам фактісі тіркеліп, ұсақ бұзақылықтың 51 фактісі анықталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру