СҚО-да полицейлер мыңнан астам желі пайдаланушысын фишингтік сілтемеден құтқарды
СҚО-да полицейлер WhatsApp-та мыңнан астам желі пайдаланушысын фишингтік сілтемеден құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер зиянды сілтемені дер кезінде анықтап, «Хабарландыру. Су тасқыны. Петропавл» чатының қатысушыларын алаяқтардан аман алып қалды. Петропавлдықтар қаланың бір бөлігін су басу, су тасқыны туралы ақпаратпен бөлісетін чатта мыңнан астам адам тұр.
Шетелдік нөмірден біреу су тасқынынан зардап шеккендер 5 миллион теңге көлемінде өтемақы ала алады деген хабарландыру таратқан. Ол үшін сілтеме бойынша өтуге ұсыныс жасаған.
Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері оны заманауи техникалық құралдардың көмегімен тексеріп, сілтеме арқылы өткен кезде телефон WhatsApp аккаунтын бұзатын вирусты жұқтыратынын анықтады. Кейін жұқтырылған телефонның барлық контактілеріне қарызға ақша алу туралы өтініш және алаяқтар басқаратын шот нөмірі жіберіледі.
Фишингтік сілтеме уақытылы жойылып, әкімші күдікті пайдаланушыны чаттан өшіріп тастады.
Тәртіп сақшылары адамдарды қырағы болуға және қаржыға қатысты барлық ақпаратты тексеруге шақырады.
– Алаяқтар адамдарды өз торларына түсіру үшін кез келген ақпараттық жағдайды пайдалануға дайын. Күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіз, тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіз. Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындары күмәнді хабарландырулар мен сілтемелерді криминалдық полиция басқармасы қызметкеріне + 7 747 429 0203 WhatsApp нөміріне тексеру үшін жібере алады, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.