Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер үйде жәбір көрген әйелге көмек көрсетті

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер үйде жәбір көрген әйелге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлердің тәжірибесі көрсеткендей, үйде зорлық-зомбылық көрген адамдар құқық қорғау органдарына жүгіне бермейді немесе жәбірленушілер арыздарын кері қайтарып алып, жанжалқойлармен татуласып жатады, яғни тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар көп жағдайда жария болмайды.

СҚО-ның 33 жастағы тұрғыны да арызын кері қайтарып алған, әйел Петропавлда азаматтық некедегі күйеуімен тұрған. Күйеуінен жәбір көрген әйел полицияға жүгінгенде, ер адам оны түзелетініне сендірген. Әйел күйеуінен қаржылай тәуелді болған. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топтың қызметкерлері онымен профилактикалық жұмыс жүргізген. Әйел өмірін өзгерту қажет екенін түсінген, бірақ батыл қадам жасаудан қорқып, күйеуінің зорлық-зомбылығына көнген. Нәтижесінде өз-өзіне қол жұмсауға шақ қалған. Алайда, полицейлердің жұмысы нәтиже берді. Әйел белгілі қоғам қайраткері Алина Орлова басқарып отырған Әйелдерді қолдау орталығының жанындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған орынға баруға келісімін берді. Бұл жерде әйелдерге жарты жылға дейін тұруға рұқсат беріледі, психологиялық және құқықтық көмек беріліп, кәсіби білім алуға көмек көрсетіледі.

– Жарты жылдан кейін бақылауымыздағы әйел бұрынғы өмірін ұмытты, – деді Петропавл қ. Полиция басқармасы ЖПҚ бөлімінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының аға инспекторы Айнұр Жақыпова. – Ол басқа қалаға кетіп, жұмысқа орналасты. Екі баласын тәрбиелеп отырған әкесіне ақша жіберіп тұрады екен. Мерекелерде балаларына келіп тұрады және жақындарын көшіріп әкетпекші. Оның өмірі зорлық-зомбылық көріп отырған әйелдерге үлгі. Күш көрсетуді уақытша доғарған жанжалқойларға көз жұма қараған әйелдер өмірі мен денсаулықтарын қауіпке тігеді, себебі тұрмыстық зорлық-зомбылық тоқтамайды, тек күшеюі ғана мүмкін. Бар болғаны полицияның Петропавл қ. бойынша 39-48-56 және СҚО бойынша 8-715-2-61-25-30 сенім телефондарына жүгіну қажет. WhatsApр мессенджерінде 8-708-432-45-61 нөмірінде арна жұмыс істейді. 52-98-86 немесе 8-777-278-52-72 (WhatsApp) нөмірлері бойынша Әйелдерді қолдау орталығының мамандарына жүгінуге болады. Ең бастысы, қабылдаған шешімнен бас тартпау қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру