СҚО-да полиция жол қауіпсіздігін қатаң бақылауға алды
Солтүстік Қазақстан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Жуырда Петропавл қаласының 25 жастағы тұрғыны жауапкершілікке тартылды. Ол Jetour автокөлігіг басқара отырып, Челябинск – Новосибирск автожолының 631-шақырымында рұқсат етілген 100 км/сағ жылдамдықтың орнына 51 км/сағ-қа артық жылдамдықпен қозғалған. Аталған құқық бұзушылық дер кезінде анықталып, жүргізушіге қатысты 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар онымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
СҚО ПД бастығының орынбасары Марат Жұмалиевтің айтуынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басым бағыттарының бірі. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол-көлік ахуалы әлі де алаңдаушылық туғызады. Соңғы екі айдың өзінде өңірде 58 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 72 адам түрлі жарақат алған, ал 10 адам қаза болған. Апаттардың негізгі себептері – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қауіпті маневрлер жасау және бағдаршам талаптарын елемеу.
Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 33 860-тан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Сонымен қатар 144 мас күйінде көлік басқарған жүргізуші ұсталды.
Профилактикалық бағыттағы іс-шаралар да тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Соның бірі – "Рөлде ұйқы" акциясы. Түнгі уақытта өткен бұл іс-шара барысында полиция қызметкерлері медицина мамандарымен бірлесіп, алыс жолға шыққан жүргізушілерді тоқтатып, олардың жағдайын тексеріп, еңбек және демалыс режимін сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Рейд аясында 30-ға жуық жүргізуші, оның ішінде жүк көліктерін басқаратын азаматтар қамтылды.
СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Жамалиевтің айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар таңертеңгі және кешкі уақыттарда тұрақты түрде өткізіліп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
