СҚО-да қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан ЖЖҚ бұзудың 766 фактісі анықталды
СҚО-да қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан ЖЖҚ бұзудың 766 фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқу жылы қарсаңында полицейлер Жол жүрісі қағидаларын бұзуды алдын алу бойынша жұмысты жандандырды. Жаяу жүргіншілер, велосипедшілер мен жеңіл автокөліктердің, жолаушылар көлігінің жүргізушілері, күн сайын мыңдаған жолаушыны тасымалдайтын заңсыз такси жүргізушілері назарға алынды.
Жыл басынан СҚО жолдарында жолаушылар көлігінің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның нәтижесінде бір адам қаза тауып, 10 адам жарақат алған.
– Соңғы 7 айда қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан 766 түрлі ЖЖЕ бұзушылық анықталды. Басым бөлігі, бұл – рөлде отырып телефонды қолдану – 170, маневр жасау қағидаларын бұзу – 140, техникалық тексеруден өтпеу – 54 фактісі. Алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарған 1 жүргізуші ұсталды. Бұдан бөлек, түрлі бұзушылықтар үшін автобус паркінің 9 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Полицейлер толтырылған хаттамалар саны басты мақсат емес, негізгі міндет – жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жолаушыларға жайлылықты қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Бұдан бөлек, автобустарды тексеру кезінде елді мекендерге, қалааралық жолдарда қатынайтын заңсыз такси жүргізушілеріне ерекше назар аударылады. Жыл басынан кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, сондай-ақ тиісті тіркеуден өтпей қызметін жүзеге асырған 36 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.