СҚО-да саптық бөліністердегі полицейлердің жауынгерлік даярлығы тексерілді
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің құрамындағы арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметкерлері саптық бөліністер үшін жоспарланған сабақты сап түзеуден, құжаттар мен жауынгерлік киім-кешекті тексеруден бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сабақтың мақсаты – жауынгерлік дайындықты арттыру, дағдарыстық жағдайларда әрекет ету дағдыларын бекіту. Аталған сабаққа Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері қатысты. Бөліністердің жауынгерлік даярлығын СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов тексерді.
Полицейлердің алдында ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов, тергеу басқармасының қызметкері, шақырылған психолог сөз сөйледі. Олар қызметкерлерге күнделікті өмірде және қызметте тәртіпті мінсіз сақтау, заңнаманы жетік білу қажет екенін, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесудің психологиялық аспектілерін еске салды. Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілік етуімен қызметкерлер күрес тәсілдерін және арнайы құралдарды қолдану тәртібін пысықтады.
Мұндай сабақ барлық саптық бөліністің қызметкерлері үшін үнемі өткізіліп тұрады.