СҚО-да тыйым салынған діни әдебиеттерді алып өткізбек болған адамға айыппұл салынды
СҚО-да тыйым салынған әдебиеттерді алып өткізбек болған ер адамға 70 АЕК көлемінде айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанға тыйым салынған әдебиеттерді тасымалдау әрекеті Ресей Федерациясының Қорған облысымен шекарада, Жаңа жол өткізу пунктінде тіркелді. СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Мамлют ауданы ПБ қызметкерлерімен және шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп 27 жастағы ер адамнан діни мазмұндағы кітап тәркіленді. Бұл кітап 2020 жылы елорданың Есіл аудандық сотының шешімімен экстремистік және террористік әдебиет деп танылған.
Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабының 4-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Мамлют ауданының әкімшілік соты оған 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындады.
СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға тек ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы айқындаған стационарлық үй-жайларда ғана жол берілетінін еске салады.