Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жастарға баскетболдан турнир ұйымдастырды

“Есірткісіз болашақ үшін!” ұранымен СҚО полиция департаменті құрамындағы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Петропавл қаласы әкімдігі жанындағы жастар ресурстық орталығы қаладағы әуесқой командалар арасында баскетболдан турнир ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл бастаманы жастармен қатар спорт ардагерлері, оқытушылар да қолдады. Ойыншылар “Жеңіс” олимиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің спорт залында төрт күн бойы мықты команданы анықтады. Сайысқа қатысқан алты команданың ішінде үздік болып “Northkaz Basketball Bears” танылды. Екінші орынды гуманитарлық-техникалық колледждің, ал үшінші орынды спорт ардагерлерінің құрамасы иеленді.

Сондай-ақ “Турнир аруы” номинациясы 5 жасар Айару Қуанышбайға берілді. Ол мұнда әкесімен бірге жанкүйер ретінде келіпті. Ал “Турнирдің үздік мергені” Ақан Рамазанов атанды.

– Аталған іс-шараның мақсаты – спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау. Жастар арасында кең танымал баскетбол ойыны арқылы бүгінгі өскелең ұрпақты спортпен айналысуға, нашақорлыққа бет бұрмауға шақырамыз. Жыл басынан бастамашыл жастардың қатысуымен 100-ден астам іс-шара өткіздік. Осындай алдын алу сипатындағы іс-шараларды өткізу өте маңызды, – дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.


Жыл басынан өңірде 62 есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 21-і – есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау және 15-і – өткізу дерегі. Заңсыз айналымнан 22 келіден астам түрлі есірткі заты, оның ішінде 535 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру