Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да ұландық курсанттар су тасқынының алдын алу шараларына қатысып жатыр

СҚО-да ұландық курсанттар 8 мыңнан астам қапты құмға толтырып, бөгет жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасындағы судың сыйымдылығы нормадан асып кеткен. Ондағы су көлемі әдеттегіден 160%-ға артық. Бұл су көлемінің шекті деңгейі емес. Қазіргі сәтте мұндағы жиналған судың биіктігі 3,5 метрден асқан. Өңірдің 8 ауданында жағдай әлі де күрделі. Көптеген ауылды су басу қауіпі бар. Өңірдегі елу жолды су шайып кетті. Су басқан аудандардағы қауіпсіздікті бақылау және жергілікті тұрғындарға көмек қолын созу үшін СҚО-да мыңдаған Ұлттық ұланның әскери қызметшісі мен полицейлер қызмет атқарып жүр.

Мәселен, су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу секілді өзге де жұмыстарға Ұлттық ұлан академиясының 400 курсанты тартылды. Үш оқу батальонының курсанттары Прибрежный, Ольшанка, Жылыжай кенттерінде және “Хромзавод” қалалық шағын ауданында инертті материал салынған қаптарды дайындау және оларды жерге төсеу жұмыстарына көмек көрсетуде. Олар жағалауды нығайту жұмыстарына белсенді қатысып жатыр және су арнасын бұруға қолғабыс етуде. Бұл жұмыстарға қосымша 16 техника жұмылдырылды, оның ішінде фронтальды тиегіш бар.

Осы ретте академия курсанттарының еңбекқорлығын атап өткен жөн. Олар өткен тәулікте 8 200 қапты құмға толтырып, биіктігі үш метр болатын 150 метрлік тосқауыл жасады.

Сонымен қатар Қазақстанның батысында 5546 әскери бөлімінің (Атырау қ.) 125 сарбазы 10 автотехниканың көмегімен су тасқынына қарсы күрес жұмыстарын атқаруда. Оның ішінде 50 сарбаз бен офицер 2 ауысым бойынша полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Құлсары қаласының көшелерінде иесіз үйлерді тонауға жол бермеу үшін қызмет атқарып жүр. Сондай-ақ аталған әскери бөлімнің 75 сарбазы қазірдің өзінде 1500-ден аса құм салынған қап дайындады. Айта кетейік, жеке құрам мұнай компанияларының бірінің аумағында орналасқан, ол тұрақты орналасу пунктінен 90 км қашықтықта жатыр.

Ел астанасында да су тасқыны байқала бастады. Талапкер елді мекеніне қауіп төніп тұр. Бірақ оның алдын алу жұмыстарына 6636 әскери бөлімнің 70 әскери қызметкері жұмылдырылды. Олар 2 ауысымда, күндіз-түні Қостанай тасжолы бойындағы Есіл өзенінің көпірін бақылауда ұстап отыр. Бұдан бөлек бір жарым мыңнан астам құм толы қаптың көмегімен су келуі мүмкін жағаларды нығайтып жатыр.

Жалпы, су тасқынынан зардап шеккен және су басуы мүмкін елді мекендерде барлығы 1500-ден астам Ұлттық ұлан жауынгері қызмет атқаруда. Бүгінде құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері инертті материалдар – құм немесе саз толтырылған 185 мыңнан астам қапшық дайындады және оларды қажетті жерлерге төседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру