СҚО-да жаяу жүргіншілер тарапынан 2434 бұзушылық анықталды
СҚО-да жаяу жүргіншілер тарапынан 2434 бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл тұрғыны қаланың орталық бөлігіндегі жолдың үстінде автокөліктердің жүруіне кедергі келтіріп жүрген. Бұны көрген адамдар полицияға хабарлады.
Оқиға шамамен сағат 22.46-да қаланың орталығында Жамбыл-Абай көшелерінің қиылысында орын алған. Ер адам көлік ағыны таусылмайтын қиылыста айналып жүгіріп жүрген, бұл кезде бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған: өтіп бара жатқан адамдар бұл сәтті stories-ке түсірсе, енді біреулер 102 нөміріне хабарласқан. Жедел басқару орталығының инспекторлары оқиға орнына патрульдік полиция экипажын жіберген. Полицейлер құқық бұзушыны бірден тоқтатқан. Ол 34 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Өзінің әрекетін ер адам анық түсіндіре алмады. Нәтижесінде аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы 1-б. бойынша (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) әкімшілік хаттама толтырылды.
Полицейлер жолда аса сақ болып, ойын мен күлкі үшін қателік жасамау қажеттігі туралы ескертеді. Жыл басынан жаяу жүргіншілердің тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 615-бабы бойынша облыс жолдарында 2434 бұзушылық анықталды. 348 жүргізуші жаяу жүргіншілерді өткізбегені үшін жауапқа тартылды. Жалпы облыс жолдарында 35 жол-көлік оқиғасы тіркелді, нәтижесінде 11 адам қаза тауып, 50 адам жарақат алды.
СҚО-да сәуірдің 25-нен мамырдың 20-сын қоса аралығында “Назар аударыңыз – балалар!” республикалық акциясы өткізілуде, акция кезінде жол-көліктен жарақаттанудың алдын алу, оның ішінде балалардың жолдағы қауіпсіздігіне баса назар аударылады.