СҚО-да жолды күтіп ұстауға жауапты 60 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында жолды күтіп ұстауға жауапты 60 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының жұмыс бағыттарының бірі – жол-көше желісінің жай-күйін бақылау болып табылады. Петропавл қаласының көшелерінде көлік қозғалысы жиілеген кезде жол инфрақұрылымының кемшіліктері апатқа және жол-көлік травматизміне алып келуі мүмкін.
– Асфальт опырылып, ойдым-ойдым жерлердің пайда болуы – Жұмысшы кенті сияқты қаланың бірқатар ықшам аудандарында кездеседі,- деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Евгений Гокин. – 73 әкімшілік хаттаманың 60-сы жолды тиісті күтіп ұстауға жауапты лауазымдық тұлғаларға қатысты толтырылды.
Басты назарға жолдың жағдайы ғана емес, жол инфрақұрылымының барлық элементтері алынды. Жолдағы қауіпсіздік, әсіресе жазда жол белгілері, бағдаршам сигналдарының көрінуіне байланысты болып келеді. Кемшіліктерді жою туралы ұйғарымдарды орындау үшін мүдделі ұйымдар 300-ден астам жол белгісін тазалап бояды, сондай-ақ жол белгілерін жауып тұрған ағаш бұтақтары кесілді. Шаң-тозаң басқан 35 бағдаршам тиісті жағдайға келтірілді. Жол белгілері қайта боялып, ойдым-ойдым жерлер жөнделіп жатыр.
Сондай-ақ, полицейлер жергілікті атқарушы органдарға жол инфрақұрылымын дамыту бойынша 73 ұсыныс жолдады. Нәтижесінде Потанин, Жас Өркен ықшам ауданының Жамбыл көшесінде және Батыр Баян көшесіндегі №26 орта мектептің қасында жаңа жаяу жүргіншілер жолағы пайда болды.
Жыл басынан әкімшілік полицейлердің 402 рет шығуы барысында төрт мың шақырымға жуық облыс жолдары зерделеніп, 680 кемшілік анықталды. Жолды күтіп ұстауға қатысты анықталған кемшіліктер үшін 60 лауазымдық тұлға, темір жол үстінен өтетін жолды күтіп ұстауға қатысты 13 лауазымдық тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.