Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да жыл басынан бері есірткі өткізді деген күдікпен 49 адам ұсталды

Жастарды есірткі бизнесіне тартудың алдын алу мақсатында Петропавл полицейлері студенттік жатақханаларда рейдтік іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазғы демалыс басталысымен көптеген студент пен оқушылар қосымша жұмыс іздей бастайды. Бұл есірткі сатумен айналысатын қылмыскерлерге жақсы таныс. “Тауарды жеткізушіні” жұмысқа алу туралы хабарландыруларды көбінесе хабарландыру сайттарында және әлеуметтік желілерде байқауға болады. Кейбір жастардың жеңіл ақшаға деген ұмтылысы және қылмыстық жауапкершілікті білмеуі болашақтарына балта шабуы мүмкін. Өйткені бүгінде есірткі заттарын тарату үшін қатаң жаза қарастырылған.

Жастардың осындай қателіктерге ұрынуының алдын алу үшін СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен ювеналдық полицейлер жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп Солтүстік Қазақстан университетінің жатақханаларында профилактикалық рейд өткізді. Қалада қалған студенттерге парақшалар таратылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының санкциясымен көзделген жауапкершілік түсіндірілді. Оған сәйкес 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

– Жыл басынан облысымызда есірткі өткізгені үшін 25 жасқа дейінгі 13 адам сотталды. Әдетте бұндай адамдарды сот 10-12 жылға бас бостандығынан айырады, бірақ біздің өңірде 14 жылға сотталғандар да бар. Адамдардан есірткі қылмысымен айналысатындардың әккі әрекеттеріне алданып қалмауын сұраймыз. Интернет кеңістігінде “тауар жеткізушілерді” жұмысқа алу туралы күмәнді хабарландыруларды көрсеңіз, дереу полицияға хабарлаған жөн. Біз оларды бұғаттап, тиісті шаралар қабылдаймыз. Жыл басынан СҚО-да есірткі өткізді деген күдікпен 49 адам ұсталды – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру