СҚО-да жылқылардың қатысуымен болған жол-көлік апатынан кейін екі адам емделуге жатқызылды
СҚО-да жылқылардың қатысуымен болған жол-көлік апатынан кейін екі адам емделуге жатқызылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қарашаға қараған түні сағат 00:30 шамасында Тайынша ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне жол-көлік оқиғасы туралы телефон хабарламасы келіп түсті.
Жергілікті кәсіпорынның екі жұмысшысы ВАЗ-2115 автокөлігімен үйлеріне келе жатқан тұста күтпеген жерден жол үстіне бірнеше жылқы шығады. Олардың біреуі құлынымен бірге көлік астына түскен.
Алған соққыдан жануарлар оқиға орнында өліп, жүргізуші мен жолаушы жарақат алған. Екеуі де аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне жатқызылды.
Оқиға орнына келген полицейлер бірнеше бас жылқының бағылып жүрген табыннан бөлініп шыққанын анықтады. Бақташыға қатысты бағу қағидалары мен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
– Осындай оқиғалардың алдын алу – полиция қызметкерлерінің ұдайы жүргізетін еркін жайылымға жіберуге қарсы күрес мақсаттарының бірі. Сонымен қатар, қыста көлік жүргізу кезінде қиындықтар туындауы мүмкін екендігіне жүргізушілердің назарын аудартамыз. Жолда сақтық танытып, елді мекендердің маңында жылдамдықты азайтып, жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң ұстануды сұраймыз, – дейді ауданның ПБ бастығының міндетін атқарушы Арғын Аманбаев.
Барлығы жыл басынан облыста 2,5 мыңнан астам еркін жаюға жіберу фактісі тіркелді. Иелері анықталғанша 8,5 мыңға жуық қаңғыбас жануар арнайы қашаларға қамалды.