Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-дағы ерлер колониясында ашық есік күні өтті

СҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты №48 мекемесінде сотталғандардың туыстары мен жақын адамдары үшін ашық есік күні өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

№48 мекемеде 700-ден астам сотталған адам жазасын өтеп жатыр. Іс-шараға республиканың түкпір-түкпірінен мекемеде жазасын өтеп жатқан 70 сотталғанның 150-ден астам туысы келді. Сондай-ақ іс-шараға қонақ ретінде қоғамдық-бақылау комиссиясының, Қазақстан халықтарының Солтүстік Қазақстан Ассамблеясының және Тәжік диаспорасының өкілдері шақырылып, шамамен 20 келі палау дайындалды. Кездесу барысында сотталғандар жақындарына өз қолдарымен жасалған сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады.

– Бүгін маған ағаларым мен әкем келді. Біз бір-бірімізді өте сирек көреміз, өйткені олар Түркістанда тұрады. Олардың маған жиі келуге мүмкіндігі жоқ. Бірақ бұл жолы маған кездесуге келгеніне өте қуаныштымын, – деді сотталғандардың бірі.

Балаларға арнайы ойын алаңы дайындалып, аниматорлар шақырылды, сонымен қатар естелік суретке түсу мүмкін болды. Басшылық атынан балаларға ойыншық түріндегі сыйлықтар табыс етілді.

– Осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін мекеме әкімшілігіне шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Біз үшін түрлі тағамдар дайындалды, ұлымызға ойыншықтар берілді, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ең бастысы, бүгін менің жұбайым ұлын алғаш рет көрді, қазір ол 7 айлық сәби. Шынымды айтсам, мен көз жасымды ұстай алмадым, – деп сотталғанның жұбайы эмоцияларымен бөлісті.

Іс-шара соңында сотталғандардың туыстары мекемеге келуге және туыстарымен уақыт өткізуге мүмкіндік бергені үшін қызметкерлер мен әкімшілікке шын жүректен алғыс айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру