Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ПД бастығы ауыл тұрғындарымен кездесті

СҚО ПД бастығы қала маңындағы ауылдықтардың учаскелік инспекторлардың жұмысына қатысты пікірін тыңдап қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев Қызылжар ауданындағы Якорь ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін кездесу үш кезеңде ұйымдастырылды – учаскелік полиция пунктіне бару, халық алдында есеп беру, азаматтарды жеке қабылдау. Марат Төлебаев облыстық және аудандық полиция басшылығы үшін облыстың әр тұрғынының пікірі маңызды екенін атап өтті. Шағын ауыл тұрғындарының пікірі тіпті маңызды болып табылады.

Якорь – қала маңындағы ауыл; Петропавлға дейін бар болғаны 12 шақырым. Облыстың ең ірі қаласына жақын орналасуы полицияға қосымша салмақ түсіреді. Жақын маңда көлік көп жүретін жол бар, жазда қала тұрғындары демалу үшін жиі келеді, сонымен қатар келгендердің ішінде қылмысты кәсіп қылғандары да болуы мүмкін. Учаскелік инспекторлар полиция аға лейтенанты Әлібек Елубаев пен полиция лейтенанты Бахтияр Садуов төрт ауылға қызмет көрсетеді: Якорь, Ольшанка, Вишневка және Вознесенка. Сол учаскеде тұратын халықтың саны – 2585 адам. Өткен жылы сол аймақта 19 қылмыс тіркелді, негізінен ұрлық орын алып, 90% ашылды. Бұл жайлы инспекторлар Марат Төлебаевқа учаскелік полиция пунктінің ғимаратында баяндады. Учаскелік пункт бір қабатты ғимаратта орналасқан және азаматтарды күнделікті қабылдауға қажетті барлық заттармен жабдықталған, үш бөлмесі бар.
Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Жәнібек Мұхамадиев ауыл тұрғындары, СҚО ПД бастығы және Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қайыргелді Сыздықовтың алдында аудандық полицияның жұмысы туралы толығырақ есеп берді. Облыстық полицияның бастығы Марат Төлебаев мал ұрлығының алдын алуды күшейтуді, GPS-навигация мен “Электронды бақташы” жүйесі жаңа технологияларын белсенді қолдануды тапсырды. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын жүргізу қажеттігін айтып өтті.

Марат Сағынтайұлы ақсақалдар мен белсенді ауыл тұрғындарынан құралған қоғамдық кеңестердің полициямен қоян-қолтық жұмыс істейтін, көршілес Мамлют ауданы тұрғындарының тәжірибесін мысалға келтірді. Облыстың бас полицейі интернеттегі алаяқтықтың алдын алу, әсіресе зейнеткерлерге қатысты мәселеге тоқталды.

Кездесуге қатысушылардың қошеметімен Марат Төлебаев ауылдың жеті тұрғынына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз еткені, белсенді өмірлік ұстанымы үшін алғыс хаттар табыс етті. Кездесу соңында ПД бастығы азаматтарды жеке қабылдады. Облыстық полиция басшылығының ауыл тұрғындарымен, оның ішінде облыстың алыс аудандары тұрғындарымен кездесу тәжірибесі тұрақты өткізіледі және жалғасатын болады.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру