Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО ПД-да 32 кинолог маман қызмет атқарады

СҚО ПД-да 32 кинолог маман қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кинолог болу – көптеген баланың арманы. Полиция қызметкері Рашид Сұлтанов қызметін Петропавл қалалық полиция басқармасының құрамындағы патрульдік полиция батальонында бастаған. Кейін көп тәжірибе жинаған жас маман үшін полицей-кинолог лауазымына ауысуға мүмкіндік туды. Мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысып осы лауазымға ауысуға өзі сұранған. Иттерді бала кезінен ұнатқан. Ал оларды үйрету, бағып-қағу әдістерін меңгеру есейген соң ойына келе бастапты. Осылайша ол шешім қабылдап, осы мамандықты таңдаған.

Рашидтің серігі – Көкжал есімді бельгиялық овчарка. Жас жігіт пен төрт аяқты көмекшісі арнайы дайындық курсынан өтіп, батальон құрамында қызметке кірісті. Көкжал із кесуге маманданған. Мұндай иттер күдіктілерді, із-түссіз жоғалған адамдарды іздейді. Осындай оқиғалардың бірінде ұры қылмыс орнында қолғабын түсіріп алған. Сипаттама бойынша үш күдікті анықталды. Оларды тексере келе ит қолғаптың иесін бірден көрсетті. Жабық бөлмелерде, ашық аспан астында, кез келген ауа райында жұмыс істеуге тура келеді. Қызметтік иттің жұмыс істеуіне тек жауын-шашын ғана кедергі.

Бұдан бөлек, СҚО полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы – мектеп оқушылары жиі экскурсияға келетін орын. Қызметкерлер иттерді қолдану арқылы қылмыскерлерді ұстау мен есірткі іздеуді көрсетеді. Осылайша полицияның төрт аяқты көмекшілері жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарына қатысады. Көкжал да балалармен қуана суретке түседі.

СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Самат Төлебаевтың айтуынша, тиімді қызмет атқару үшін басшылық тарапынан үнемі жағдай жасалады. Нысанды киім мен арнайы құрал-жабдықтар бөлінеді, баспана жалдап тұратын қызметкерлерге ақшалай өтемақы төленеді. Тек қызметке келетін адамның иттермен жұмыс істеуге қабілеті және жауапкершілігі болуы қажет.

Кинолог болу үшін СҚО полиция департаментінің кадр саясаты басқармасына 8 (7152) 61-26-68, 61-26-50 телефондары, 8-708-204-71-63 WhatsApp нөмірі арқылы жүгінуге болады. Бүгінде СҚО полициясының бөліністерінде 32 кинолог қызмет атқарып келеді. Өткен жылы қызметтік-іздестіру иттерін қолдану арқылы 600-ден астам қылмыс ашылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру