СҚО полицейлері 24 жастағы қыздан аса ірі көлемде «синтетика» тәркіледі
СҚО полицейлері 24 жастағы қыздан аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жасайтын полиция бөліністерінің жұмысында есірткі сатылымына қарсы күреске баса назар аударылады.
Жазда тәртіп сақшыларының назарына СҚО тұратын 24 жастағы аудан тұрғыны іліккен. Бойжеткен Петропавлда жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Тәртіп сақшыларына оның есірткіні жасырын орындарға салып кету қылмысына қатысы туралы ақпарат келіп түскен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ол ұсталды. Одан ұнтақ тектес затпен полимерлік пакет алынды. Сараптама аталған затты салмағы 49 грамм синтетикалық есірткі – мефедрон екенін көрсетті, бұл аса ірі көлемге жатады. Бұл 500-ге жуық адамды нашақорлықтың торына түсіруіне жеткілікті мөлшер.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Ұсталғанға қатысты күзетпен қамауға алу түрінде жаза тағайындалды. Жалпы жыл басынан облыста 49 есірткіні сату фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 383 кг түрлі есірткі заты алынды, оның ішінде 1,548 келі синтетикалық есірткі, – дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы Иван Терзиди.