СҚО полицейлері ауыл тұрғындарын малды қараусыз қалдырмауға шақырады
СҚО полицейлері ауыл тұрғындарын малды қараусыз қалдырмауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО Айыртау ауданында ауыл тұрғыны полицияға үйдің қасында байлаулы тұрған бұзаулардың жоғалғаны туралы хабарлаған. Өз күшімен іздеуден нәтиже болмаған екен. Мал ұрлығы белгілерінің жоқтығына көз жеткізген жедел-тергеу тобы учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе жоғалған бұзауларды іздестіруге кіріскен. Екі жасар бұзаулар жергілікті кәсіпорынның аумағына кіріп кеткен екен. Кәсіпорын иесі оларды қораға қамап, иелерін іздестірген.
– Кәсіпорын иесінің арқасында бұзаулар сол күні үйлеріне қайтарылды. Ауыл тұрғындарын малды қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Кей адамдар кезіктірген малды қайтаруға асықпайды. Жоғалған малды іздеуге айтарлықтай күш пен уақыт жұмсалады, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.
Қазіргі уақытта Жамбыл ауданында полицейлер жоғалған жылқыны іздестіруде – иесінің сөзіне қарағанда, ол 16 сәуір күні жоғалған. Полицейлер қараусыз қалдырылған мал ұрылардың олжасына айналуы мүмкін екендігін атап өтті. Аталған қылмыстың алдын алу үшін заң жүзінде шаралар қабылданды: 2020 жылдан ҚР Қылмыстық кодексінің жаңа 188-1-бабы (Мал ұрлығы) күшіне енді, әкімшілік кодекске еркін жайылым үшін жауапкершілік енгізілді. Бұл облыстағы мал ұрлығы санының айтарлықтай азаюына ықпал етті. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша мал ұрлығы 54 %-ға азайған. Бұл көрсеткіштің негізі – мал иелерінің мүліктеріне жауапкершілікпен қарауы.