СҚО полицейлері бағалы шаянды заңсыз аулағандарды қылмыс үстінде ұстады
СҚО полицейлері бағалы шаянды заңсыз аулаған күдіктілерді қылмыс үстінде ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлердің жұмысы күзде де қыза түседі. Бұған себеп – Artemia salina шаяндарын заңсыз аулау деректерінің артуы. Бұл микроағзалар тұзды көлдерде кең таралған. Шаяндар мен олардың жұмыртқалары косметикалық және фармацевтикалық мақсатта пайдаланылады, әрі қара нарықта ерекше сұранысқа ие. Рейдтік іс-шаралар кезінде полицейлер өңірдегі тұзды көлдерді бақылауға алады.
Мамлют ауданында сақшылар Меңкесер көлін тексеріп, онда Toyota Camry автокөлігі мен шаян цисталарын жинап жүрген екі ер адамды байқады. Олар 32 жастағы жергілікті тұрғын мен 28 жастағы Қызылжар ауданының тұрғыны болып шықты.
– Жағадан цисталар салынған толмаған бір қап, автокөліктің жүксалғышынан екі қап табылды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Өңір табиғатына келтірілген шығын мөлшерін анықтайтын сараптамалар тағайындалды, – деп хабарлайды ауданның ПБ бастығының міндетін атқарушы Иса Мұстафин.
Полицейлер айтып өткендей, ҚР ҚК 335-бабының санкциясы 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Айта кету қажет, облыс аумағында 20 қазаннан бастап «Браконьер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шараның мақсаты – заңсыз аңшылық, ағаш кесу, су жануарларын аулау, биологиялық ресурс өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерінің жолын кесу, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашу.