Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері интернет-алаяқтардың іс-әрекеттерi туралы ескертеді

СҚО полицейлері интернет-алаяқтықтың бес фактісі бойынша күдікті Қызылжар ауданының 35 жастағы тұрғынына қатысты материалдарды сотқа тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Барлық алданған жандар күдіктімен таныс болған. Келтірілген шығын 83-тен 225 мың теңгеге дейінгі соманы құрады.

Барлық жағдайларда бір схема жиі қолданылған: күдікті оған ақша аударылуы керек деп хабарлап, оның өзінде карточкасы жоқ екендігін айтып, өз таныстарынан банк карталарының деректемелерін сұратқан. Көп ұзамай жәбірленушілер өз карталарына түскен ақшаны алып, оны уәде етілген аударым деп санап оларды күдіктіге берген. Ал бір айдан кейін ешқашан алмаған несие бойынша берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарлама алған.

– Кейбір шағын несие ұйымдары ақша алатын адамның жеке басын тексермейді, — дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин. – Сондықтан алаяқтардың өз құрбандарының аттарына несие рәсімдеу үшін олардың сауалнама деректері мен банк картасының деректемелерін алуы жеткілікті. Солтүстікқазақстандықтарды қырағылық танытуға және ешбір жағдайда ешкімге өзінің жеке және қаржылық деректерін сеніп тапсырмауға шақырамыз. Біреудің атына берілген қарыздар бүгінгі таңда интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі болып табылады.

Бұдан бөлек, полицейлердің айтуынша, басқа қарапайым тәсіл жиі қолданылады: жәбірленушіге қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырып, оның есебінен біреу ақша алуға тырысты деп хабарлайды. Транзакцияны болдырмау үшін SMS-хабарлама түрінде зардап шегушінің телефонына келетін бір реттік құпия сөзді атау қажет. Тәртіп сақшылары: банк қызметкерлері мұндай мәліметтерді ешқашан сұрамайтынын айтады. Қаскөйлердің өз шотыңызға қол жеткізуін болдырмау үшін олардың осындай айлаларына бой алдырмау керек. Кез келген күдікті хабарламалар алған жағдайда сізге нақты белгілі телефон арқылы банкпен байланысуыңыз немесе банк кеңсесіне жеке баруыңыз, сондай-ақ полицияға жүгінуіңіз қажет.

Жыл басынан СҚО полицейлері 39 интернет-алаяқтықты ашты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру