Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері көлік ішінде тоңып отырған тұрғындарға көмектесті

СҚО полицейлері көлік ішінде тоңып отырған ер адамдарға және балаға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желілердегі петропавлдық пабликтерде теріскейлік тұрғынның жол үстінде көмектескен полиция қызметкерлеріне жолдаған алғысы жарияланды.

20 ақпан күні жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Арман Оралов пен Дмитрий Кравченко Астана – Петропавл автожолының 378-шақырымында жол шетінде тұрған Audi автокөлігін байқап қалды. Көліктің ішінде қарт жүргізуші, оның досы және кәмелетке толмаған немересі отырды. Анықталғандай, жарты сағат бұрын көліктен ақау шығып, тоқ жоғалып кеткен. -30 градус аязда көліктің салоны әп-сәтте суып кетті.

Жол сақшылары оларды қызметтік көлікке отырғызып алып, жүрмей қалған көлікті Келлеровка ауылындағы жанар-жағармай құю станциясына сүйреп жеткізді. Аман-сау жеткен ересектер мен бала жылы жерде жақын туыстарын күтті.

– Жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлерге алғысымыз шексіз, – дейді жүрекжарды ризашылығын білдірген солтүстікқазақстандық азамат.

Фотосуреттегі полиция қызметкерлерін басқа да адамдар танып, «Таныс жігіттер», «Олар бір жыл бұрын маған да көмектескен» деген сияқты жақсы пікірлерін айтып жатты.

Бұған дейін осыған ұқсас алғысын Instagram әлеуметтік желісінде ВАЗ-2114 автокөлігінің жүргізушісі де жариялады. Жезқазған – Петропавл автожолының 930-шақырымында оның темір тұлпарынан ақау шыққан. Әйелі екеуін де полиция қызметкерлері Владимир Моисеев пен Арман Оразбай көріп, көліктерін облыс орталығына сүйреп әкелді.

– Батальон қызметкерлері қала сыртындағы жолдарда тәртіпті қадағалап қана қоймай, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Азаматтардың алғысы – біздің жұмысымызға берген бағасы. Аяз кезінде жүргізушілерден мұқият болуларын сұраймыз. Ауа райы әбден жақсармайынша алыс жолға шықпаған жөн. Көлік құралдарының техникалық жағдайы мен төтенше жағдай қызметінің ауа райы бұзылған кезде жіберетін хабарламаларын бақылап отыру қажет, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру