СҚО полицейлері көлікті айдап әкетті деген күдікпен масаң күйдегі ер адамды ұстады
СҚО полицейлері көлікті айдап әкетті деген күдікпен масаң күйдегі ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 сәуір күні кешке аудан орталығы Бескөлдің тұрғыны үй ауласынан «Audi-100» автокөлігінің жоғалғанын анықтайды. Ер адам шұғыл полицияға жүгінеді. Шығын сомасы 1 миллион 200 мың теңгені құраған.
Тәртіп сақшылары жедел-тергеу әрекеттеріне кірісті, аудандық полиция бөлімінің барлық қызметкерлеріне жоғалған көлікке қатысты бағдар таратылды. Криминалистер оқиға орнында дәлелдер мен іздерді зерделеп, айдап әкетушінің жүріп өткен жолын анықтады. Сұралған куәгерлердің сөзіне қарағанда, күдікті масаң күйде болған. Осы уақытта аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Жәнібек Мұхамадиев Бескөлдің шетінде тоқтап тұрған «Audi» көлігін анықтады. Көліктің қасында күдіктіге ұқсайтын адам болған. Ол ел астанасында құрылыста жұмыс істеп жүрген 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Күдікті көлікпен «серуендемек» болады, аулалардың бірінде ашық тұрған автокөлікті байқап, ойын жүзеге асырады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
-Жігіт жасаған әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Петр Климов. – Қазіргі уақытта ол көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Аталған факті жыл басынан тіркелген көлік айдап әкетудің үшінші фактісі болып табылады. Қылмыс «ізін суытпай» бір сағатқа жетер-жетпес уақытта ашылды, бұл жеке құрамның кәсібилігі мен үйлесімді әрекеттері арқасында мүмкін болды.