СҚО полицейлері колледж студенттерімен тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында әңгімелесті
СҚО полицейлері колледж студенттерімен тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында әңгімелесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер қалалық мәдениет үйінде Петропавлдағы колледждердің студенттерімен кездесті. Кездесуге сот-медициналық сарапшысы, Петропавл қалалық ПБ криминалдық полициясының жедел уәкілі және кәсіподақ өкілі қатысты. Жастарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың мәні мен салдары туралы айтылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз тек дене жарақаттарын келтіру ғана емес, ол психологиялық, жыныстық, экономикалық болуы мүмкін. Моральдық қысым, қаражатты шектеу, үнемі бақылау жүргізу және жеке өмірге араласу — бұл отбасылық өмірде болмауы тиіс зорлық-зомбылық түрлері.
Полицейлер қазіргі уақытта тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау қағидатына көшкенін еске салды. Егер қысым жасау белгілері анық байқаса, бұдан былай жәбір көрген тараптың арыз жазуы қажет емес. Сондай-ақ жаңа заңнамаға сәйкес бір жыл ішінде осындай фактілер бойынша қайталап татуласу мүмкіндігі алынып тасталды.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларымен тек полиция ғана емес, Әйелдерді қолдау орталығы, Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыстық орталық және т.б. үкіметтік ұйымдар да айналысатыны жайлы айтылды. Өткен жылы облыста тұрмыс саласында 47 қылмыс жасалды. Отбасылардағы зорлық-зомбылық фактілері бойынша 2508 қорғау нұсқамасы берілді. Құқықтық сауаттылықты арттырумен байланысты осындай кездесулер өткізу жастардың өзін-өзі қорғауына, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға көмектеседі, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары жастарға интернет-алаяқтардың әккі әрекеттері, олардың қылмыстық схемалары және адамдармен сөйлескен кезде қолданатын айла-тәсілдері туралы айтты.