СҚО полицейлері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын атап өтті
Солтүстік Қазақстан облысындағы Сарытомар ауылында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ақын, публицист, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақынның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына СҚО ПД басшылығы, жеке құрам мен ведомствоның мәдени орталығының өкілдері келді. Облыстық полиция басшысы Айдын Қабдұлдинов Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров, консультативтік-кеңесші органның мүшелері Жасұлан Ахметов пен Арман Бердіғұлов, Мағжан Жұмабаев музейі филиалының директоры Айгүл Жүніспаева, СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова мен аудандық полиция бөлімінің бастығы Бахтияр Есімов ауыл маңындағы орманда қойылған ескерткіш тасқа барды. Бұдан кейін аудандық және облыстық полицияның жеке құрамы Сарытомар ауылында орнатылған ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Мағжан Жұмабаев музейі филиалының директоры Айгүл Жүніспаева түрік әлемінде ерекше құрметке ие жерлесіміздің музейінде полицейлерге экскурсия өткізді. Айдын Қабдұлдинов музейдің естелік кітабында ізгі тілектерін қалдырып, музей қызметкерлеріне ақынның есімін сақтаудағы еңбектері мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
СҚО полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Сән Жұмағазинаның айтуынша, Сарытомар тұрғындары үшін мәдениет үйінде концерттік бағдарлама дайындалған. Облыстың бас полицейі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерін, сондай-ақ аудан тұрғындарын алғыс хаттармен марапаттады. СҚО полиция департаментінің қызметкерлері Серік Абылғазинов, Жанболат Серікбай, сондай-ақ Есіл ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Саян Райымбеков ақынның өлеңдерін оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Айдын Қабдұлдинов та ақынның 130 жылдығына арналған челленджді қолдай отыра, ауыл тұрғындары алдында өлең оқыды.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Дидар Малаевтың жетекшілігіндегі СҚО полиция департаментінің мәдени орталығы вокалдық тобы өнер көрсетті. Мағжан Жұмабайдың “Мен жастарға сенемін” өлеңіне жазылған ән көрермендердің көңілінен шықты, зал полицейлерге тік тұрып қошемет білдірді.
– Мағжан Жұмабаевтың туған күні – 25 маусым. Біздің қызметкерлер ақынның 130 жылдығына орай алғашқылардың бірі болып оның туған жерінде іс-шара өткізгені қуантады. Бұл департаменттің жеке құрамы үшін аса маңызды оқиға болды: жас қызметкерлер жерлес ақынның туған жеріне барып, бұл өлкенің тыныс-тіршілігін сезінді. Бұл олардың әдебиетке деген қызығушылықтарын арттырып, өздерін дамытуға ынталандырады және қазақстандық полиция офицеріне қажет қасиеттерді нығайтуға зор ықпалын тигізеді, – деп атап өтті СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова.