Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері мектеп оқушыларымен бейнеконференция форматында әңгіме өткізді

СҚО полицейлері мектеп оқушыларымен бейнеконференция форматында әңгіме өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқу жылының үшінші тоқсаны басталды, осы орайда «Қауіпсіз мектеп автобусы» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараны білім беру саласының қызметкерлері және полицейлер бірлесе өткізді. Карантиндік шектеулерге байланысты оқушылардың бір бөлігі ағымдағы жылы алғаш рет мектеп парталарына отырды. Акцияның мақсаты – балалардың бойында жолдағы мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Түсіндіру жұмысы онлайн өткізіледі. СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азамат Жамұқов «ZOOM» қосымшасы арқылы бейнеконференция форматында Ғ. Мүсірепов атындағы №43 мектептің екінші және бесінші сынып оқушыларымен әңгіме жүргізді. Кіші буын оқушылары полицейді сыныпта тыңдады, ал орта буын сыныптары қашықтықтан сұхбаттасты. Әңгіме барысында жол қозғалысы ережелері, көшені кесіп өткен кезде сақ болу қажеттігі талқыланды.

– Әсіресе қыс кезінде аса өзекті болатын бірнеше ұсыныстар бар, — дейді Азамат Жамұқов. — Жолды белгіленген жерден кесіп өтер алдында жаяу жүргіншіні өткізу үшін жүргізушілердің тоқтап үлгеруіне көз жеткізу керек. Балалардың көбі қайырмалы бас киімдер кигендіктен, жан-жағын көру шектеледі. Абзалы бас киіп, көшені қиып өткен кезде тәуекелге бел бумаған жөн. Қыста ерте қараңғы түсетінін, сондықтан да жарық шағылдыратын элементтер таққан, немесе жаяу жүргіншіні көзге түсіретін ашық түсті киім киген дұрыс. Өткен жылы облыс жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 33 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда екі бала қаза тапқан, 39-ы жарақаттанған. Осындай жағдайлардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді.


Тақырып балаларды қызықтырды, олар велосипедпен қалай дұрыс жүру сияқты сұрақтар қойды. Жамұқов қойылған сұрақтарға жауап бере отыра, жаяу жүргіншілер өткелінен велосипедпен өтуге болмайтындығын, екі доңғалақты көлікті жетекке алып жаяу өту керектігін естеріне салды.

Акция қаңтардың 21-і мен 31-і аралығында өтеді. Осындай онлайн кездесулерді Петропавлдың ювеналдық полицейлері қала мен аудан мектептерінде өткізеді. Аталған акция – балалар жол-көлік жарақатын төмендетуге бағытталған көптеген іс-шаралардың бірі болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру