Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері өрт сөндіру бөлімінде экстремалды тренингтен өтті

СҚО полицейлері өрт сөндіру бөлімінде экстремалды тренингтен өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ештеңе көрінбейтін түтін, құлаған тақтайлар мен белдіктер, адамдардың айқайы – осындай жағдайда полицейлер зардап шеккен адамды тауып, көмек көрсетуі қажет болды. Бұл алапат апат болатын фильмнің сценарийі емес, №2 өрт сөндіру бөлімінің аумағындағы квест-жертөле. Мұнда өрт сөндірушілер шеберліктерін шыңдайды, ал осы аптада облыстық полиция департаментінің қызметкерлері экстремалды тренингтерден өтті.

Ведомствоаралық ынтымақтастық шеңберінде тәртіп сақшылары үшін қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде психологиялық және жауынгерлік дайындықты арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. Өрт сөндірушілердің арнайы киімін киіп, құрал-жабдықтарын іліп алғаннан кейін тәртіп сақшылары кедергілерден өтеді. Бұдан бөлек, полицейлер ештеңе көрінбейтін қараңғы әрі тар лабиринттің ішімен өтті. Полиция қызметкерлерінің айтуларынша, “ең адреналинді сынақ” биік мұнараға көтеріліп, арқанмен жерге түсу болған.

– Тренинг экстремалды жағдайға барынша жақындатылды. Полиция қызметкерлері күнделікті қызметте оқыс жағдайлармен бетпе-бет келіп, адамдарға жиі көмектеседі. Біздің облыста полицейлер от пен судан көп адамды құтқарды. Өткізіліп жатқан тренингтің мақсаты – төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылға дайын болу. Бұл іс-шараларға СҚО полиция департаментінің 26 бөлінісінен 361 қызметкер қатысты, – дейді СҚО ПД кадр саясаты басқармасының бастығы Абылғазы Ғабдуллин.

Психологиялық қызметтің қызметкерлері полицейлердің күйзеліске төзімділігін арттыру және ұжымдағы психологиялық ахуалды жақсарту үшін үнемі әртүрлі форматтағы психологиялық тренингтер ұйымдастырып тұрады. Жыл басынан бері 47 тренинг пен сабақ өткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру